«Рақмет айту — ізеттілік белгісі» Алғыс айту күні
Бастауыш сынып мұғалімі Балабекова Ж.С. 4-сынып білім алушыларымен
«Рақмет айту — ізеттілік белгісі» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді.
Тәрбие сағатының дәйексөзі ретінде «Патриотизм – ата-анаңды құрметтей білуің…» деген ойы негізге алынды. Бұл сөздің авторы – Бауыржан Момышұлы.
Сабақтың мақсаты:
Оқушылардың жанұяға, ата-анаға, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсету қасиеттерін қалыптастыру. Ризашылық, алғыс айту, ізеттілік ұғымдары туралы түсінік беру, бір-бірімен сыйластық қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу. Сонымен қатар елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің достығы мен ынтымақтастығын дәріптеу, олардың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарауға үйрету.
Сабақ барысында оқушылар алғыс айту, ізеттілік, сыйластық туралы пікір алмасып, мысалдар келтірді. Оқушылар өз ата-аналарына және жақын адамдарына алғыс білдірудің маңыздылығын түсінді. Сонымен қатар Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының «Ананың аялы алақаны» челленджі туралы ақпарат беріліп, отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қауіпсіздік сабағы (10 минут):
«Отбасыңызды қауіптен қорғау жолдары» және «Көшеде қаңғыбас итті кездестірген кездегі сақтық шаралары» тақырыптары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оқушыларға көшеде қаңғыбас ит кездескен жағдайда сабыр сақтау, жануарды ашуландырмау, қауіпсіз қашықтық сақтау, үлкендердің көмегіне жүгіну сияқты қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Күтілетін нәтиже:
- Оқушылар алғыс айту мен ізеттіліктің маңызын түсінеді;
- Отбасы құндылықтарын құрметтеуге үйренеді;
- Әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен татулықты бағалайды;
- Қауіпсіздік ережелерін біледі және күнделікті өмірде қолдана алады.
Кері байланыс:
Сабақ соңында оқушылар өз ойларын білдіріп, ата-аналарына және жақын жандарына алғыс айту қажеттігін атап өтті. Қауіпсіздік ережелерін қайталап, өмірде қолдануға дайын екендіктерін көрсетті.
Бағалау:
Оқушылардың белсенділігі, тапсырмаларға қатысуы және өз пікірін білдіруі қалыптастырушы бағалау арқылы бағаланды. Ауызша кері байланыс беріліп, мадақтау жүргізілді.
Қорытынды:
Тәрбие сағаты тәрбиелік мәні жоғары деңгейде өтіп, оқушылардың адамгершілік құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті. Оқушылар ризашылық пен ізеттіліктің маңызын түсініп, қауіпсіздік ережелері туралы білімдерін толықтырды.