14
апрель
2023
Зерттеу сабағы арқылы білім алушылардың ынтасын қалай арттыруға болады?
Қай салада болмасын жұмыстың нәтижелілігі оның сапасымен өлшенетіні белгілі. Білім беру жүйесіндегі ең өзекті мәселе- сапалы білімге қол жеткізу мен алған білімнің өмірде тиімді қолдана алу дағдысының қалыптастыруы. Ал сапалы білімді беруші, бағыттаушы мұғалімнің теориялық терең білімі мен кәсіби шеберлігі, білігі, педагогикалық құзыреттілігі маңызды роль атқарады. Әл-Фараби тілімен айтсақ: «Әр адамның бойында күн бар, тек оның нұрлануына мүмкіндік беріңдер». Осы тұста, қазіргі кезде білім сапасын жақсарту бағытында оқушының зейінін шоғырландырып, ынтасын арттыруда мектептерде түрлі жұмыс түрлері жүргізілуде. Біздің, Б.Жылкелдин атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебінде де сапалы білім берудің тиімді жолы- сабақтың сапасын жақсарту арқылы нәтижеге қол жеткізуді зерттеу сабағы (Lesson Study) арқылы жүргізуді жоспарладық. Әуелі, сабақты зерттеу (Lesson Study) тобы құрылып, зерттеу проблемасын анықтадық. Топ зерттелетін сыныпты, зерттеу сабағын жүргізетін мұғалімдерді (ерікті түрде) белгіледі. Зерттеу тақырыбын «Оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері арқылы оқушылардың ынтасын қалай арттыруға болады?» деген проблама аясында айқындап, топ мүшелері осы тақырып бойынша коучинг, ықшам сабақ, ҚМЖ-ға өзгерістер енгізу, сабақты бірлесе жоспарлау, бақылау құралдарын таңдау жұмыстарын жоспарлы жүргізді. Зерттеу сабақтарынан кейін талдау жасалынып, келесі сабақтың жоспары, қадамдары белгіленді. Талдау барысында сабақты жоспарлауда таңдап алынған әдіс-тәсілдер қайта сараланып, жетілдіріліп отырды. Екінші, үшінші зерттеу сабақтарында оқушылар аса белсенділік танытты. Оқушыларда пәнге деген қызығушылық, өзін-өзі реттеу, топта, жұпта жұмыс істеуге бейімделуі, сабаққа деген ынтасының арта бастағанын байқадық. Сабақты зерттеу тобы пән бойынша оқу мақсатына жетудегі оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері арқылы оқу мен оқытуда нәтижелі білімді беруге болатынын дәлелдей білді. Зерттеу сабағы мектеп оқушылары мен ұстаздарына да тың серпіліс пен құлшыныс әкелді деуге болады. Мектепте осы үдерісті тағы да сабақты зерттеу топтарын құру арқылы жалғастыруды қолға алдық. Өйткені, зерттеу сабағы өз нәтижесін көрсетті. Сондай-ақ, мектепте іс- әрекеттегі зерттеу, нақтырақ айтсақ, 2 мұғалім 4,5-сыныптарында зерттеу тақырыбын айқындап, тізбектелген сабақтар жүргізуде.
«Сұрау белгісі (?) – барлық ғылымдардың кілті»- деп, Оноре де Бальзак айтқандай, әр басқан қадам мен іс- әрекетімізге сұрақ қойып, оның жауабы мен жолын дұрыс табуға әрекет жасасақ, айқын мақсат пен көзделген межені бағындыруға болатынын әріптестеріммен бірге мойындадық. Жаңаны дұрыс қабылдап, жаңаруға ұмтылып, жаңа Қазақстанның жалынды жеткіншектерін тәрбиелеуге жігер мен мақсатты қадам жасайық!
Мектеп директоры: Шаймерденова Г.С
![](/uploads/posts/2023-04//1681550202_img-20230415-wa0012.jpg)
![](/uploads/posts/2023-04//1681550213_img-20230415-wa0010.jpg)
![](/uploads/posts/2023-04//1681550226_1681548908652.jpg)
![](/uploads/posts/2023-04//1681550189_1681548963577.jpg)
![](/uploads/posts/2023-04//1681550194_1681549018319.jpg)